Меню KDT
Для того чтобы сменить домен на .edu.kz прежде необходимо заполнить заявку на сайте otanbilim.kz/requestsedu
Уважаемые школы!!! мы набираем группы для бесплатного обучения по теме "Возможности вашего сайта". Заявки принимаются через службу технической поддержки (тикет)

logo.png?_=1524731137
Астана қаласы әкімдігінің «Ыбырай Алтынсарин атындағы № 83 мектеп-гимназия» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны


+7 7172 49-07-40

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан



Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан


1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі ретінде тарихқа мәңгі енді.
1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі ретінде тарихқа мәңгі енді. Бұл соғыста Қазақстандағы әр отбасынан жүздеген мың адам қолына қару алып, ұрыстарға қатынасты. Соғыстың басталуы және оның сипаты туралы тарихи деректерге сүйенетін болсақ:
Шабуыл жасаспау туралы (1939 ж. 23 тамыз) Кеңес Одағымен жасаған келісімді фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда бұзып, соғыс жарияламастан КСРО аумағына аяқ астынан басып кірді.
1940 жылдың орта кезеңінде-ақ (18 желтоқсан) Гитлер КСРО-ға басып кірудің «Барборосса жоспары» деп аталатын стратегиялық жоспарын жасауға кіріскен болатын. Бұл жоспар бойынша фашистік Германия мен оның қол шоқпарларының құрлықтағы, әуедегі және соғыс теңіз күштері КСРО-ға бір мезгілде шабуыл жасайтын болды. Бұл жоспардың басты мақсаты қысқа мерзім ішінде (3-4 ай), «қауырт соғыс» идеясы бойынша соғысты 1941 жылдың күзінде (қараша) аяқтау тиіс еді. Фашистік Германияның негізгі мақсатының саяси және экономикалық астары болды. Германия империясы шикізат үшін, азық-түлік базасы ретінде қуыршақ мемлекет құруды көздеді.
Кеңес адамдарының патриоттық сезімі, әрине, бұл жоспарға қарсы тұра білді. Қазақстан халқы Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен жаппай жазыла бастады. Мысалы, Алматы медицина институтының студенті Маншүк Мәметова: "Отбасымыздан майданға жіберетін ешкім жоқ, ағам да, апам да жоқ, сондықтан өзімді жіберуді өтінемін«,— деп әскери комитетке өтініш берді. Қазақстаннан соғыс майдандарында 100-ге жуық ақындар мен жазушылар шайқасқан. Республика бойынша 2 миллионнан астам адам әскери даярлықтан өтті.
Соғыстың алғашқы кезеңінде 14 атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып, майданға жіберілді. Қазақстандық 36 жеке атқыштар бригадасы 30-дан астам ұлттан құрылды. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316-атқыштар дивизиясы құрылып, оның командирі генерал М. В. Панфилов болды. Армия қатарына 1196164 (1196300) қазақстандық қосылып, әрбір бесінші адам майданға аттанды.
Соғыстың сипаты — Германия тарапынан бұл соғыс агрессиялық, жаулап алушы, әділетсіз соғыс болды, ал Кеңес Одағы тарапынан әділетті өз жерін қорғаған, азаттық Отан соғысы болды.
Соғыстың басталуына байланысты ел экономикасын соғыс жағдайына бейімдеу басталды. Қазақстан экономиканы соғысқа бейімдеп қайта құру әскери бағытқа көшірілді. Бейбіт мақсаттарға жұмсалатын қаржы мейлінше қысқартылды. Көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығара бастады.
Өскемен қорғасын — мырыш комбинаты, Қарағанды көмір шахталары сияқты соғысқа қажетті өнімдер шығаратын өнеркәсіп құрылыстарын салып аяқтады. Соғыс жүріп жатқан жерлерден және майданға жақын аймақтардан 220 завод пен фабриканы, кәсіпорындары Қазақстанға көшіру жүргізілді.
1.1941 жылдың аяғы мен 1942 жылдың басы;
2.1942 жылдың күзінде өнеркәсіп орындары, кәсіпорындар, негізінен, Мәскеу, Ленинград облыстарынан, Украина, Белорусь жерлерінен әкелінді.
Украинадан Қазақстанға көшіріліп әкелінген кәсіпорындар: Харьков электротехника заводы, Подольск механика заводы, Запорожье ферроқорытпа заводы, Днепропетровск вагон жасау заводы т. б. Украинадан Қазақстанға 70 өнеркәсіп орны мен жабдығы әкелінді.
Қазақ КСР-не әкелінген өнеркәсіптер мен фабрикалар, кәсіпорындар: Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларында орналастырылды.
Әрине, Қазақстанға әкелінген кәсіпорындар өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Өнеркәсіп орындарымен бірге Қазақстанға майдан өңірінен көптеген мамандар да көшірілді. Мысалы, тек қана Домбасстан 3200-ге жуық шахтер, 2000-дай құрылысшы келді. Майдан өңірлерінен келген инженер-техниктер саны 700-дай болды.
Қазақстан КСРО-ның негізгі әскери-өнеркәсіп базасына айналды. 1942 жылы Одақта өндірілген қорғасынның 85%-ын, көмірден 18%-ын, молибденнің 60%-ын, октанды мұнайдың 1 млн тоннаға жуығын берді.
1942 жылы 24 тамызда Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің «Қарағанды көмір алабында көмір өндіруді арттыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» қаулысы шықты. Облыстың және ауданның еңбеккерлері Қарағанды шахталарын қамқорлыққа алу жөнінде патриоттық қозғалыс бастады. Шахтерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету, шахталарда тұрақты жұмыс істеу үшін адамдар жіберу, Қарағанды облысындағы 30 желісі 3 есе, оқушылар саны 5 есе көбейді. 1943 жылы забойлар желісі көбейіп, жер астында екінші Қарағанды пайда болды. Мұнайлы аудандарға көмек көрсетілді. Атырау мұнай өңдеу заводын, Каспий -Орск мұнай құбырын салу үшін қуатты құрылыс ұжымы ұйымдастырылды. Соғыс жылдыры салынған құрылыстар:
Мақат — Қосшағыл темір жолы, Петровский машина жасау заводының екінші кезегі, Пешной аралы — Шарин құбыр жолы, Атырауда теңіз порты мен мұнай өңдеу заводы, «Комсомол» кәсіпшілігі т. б.
Соғыс кезеңінде ауыл шаруашылығындағы жағдай төмендеді. Ауылшаруашылық еңбеккерлерінің саны 1939 жылмен салыстырғанда 1942 жылы 600 мыңға кеміді. Колхоз өндірісінде әйелдер еңбегінің үлесі артып, 1940 жылғы 48%-дың орнына 1942 жылы 75% -ға жетті. 76 мың механизаторлардың 55 мыңнан астамы әйелдер болды. Бүкілодақтық социалистік жарысқа 10 мыңнан астам тракторшы қыз-келіншек қатысты.
1942 жылы егіс көлемі 1941 жылмен салыстырғанда 842 мың гектарға көбейді. 1943 жылы 775 мың га жаңа жер алқаптары егістікке арналды.
Сөйтіп, республика экономикасын соғыс жағдайына көшіру жүзеге асырылды. Соғыстың алғашқы күндерінен Қазақстан майдан арсеналына айналып, майдан мен тылды қару-жарақпен, оқ-дәрімен, азық-түлікпен қамтамасыз етуші аймақ болды.
Соғыс жылдарында тылда еңбек еткен жұмысшылар ерлігі аңызға айналды. Георгий Хайдин мыңдықшылар қозғалысының жетекшілері А. Семиволос мен И. Янкиннің әдісін қолданған республикадағы үздік бұрғылаушы болды. Соғыс жылдарында Ы. Жақаев, Ш. Берсиев, Б. Самжүрекова, Ким Ман Сам, В. П. Кривич, И. Я. Кудлай есімдері бүкіл елге әйгілі болды.
Қазақстандық жауынгерлер Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Молдовияны азат етуге қатысты. Мыңдаған қазақ жігіттері Кеңес әскерінің құрамында Шығыс Европа халықтарын Гитлердің тепкісінен азат етуіне ат салысты.
Кеңестік Шығыс әйелдері арасынан бірінші болып Ленин орденімен және Алтын жұлдыз медалімен марапатталғандар — шығыстың қос шынары: пулеметші Мәншүк Маметова мен 54-атқыштар бригадасының Мергені (снайпер) Әлия Молдағұлова болды.
Кеңес Одағының батыры, Қазақстан республикасының қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов те Берлин үшін ұрыстарға өз жауынгерлерін бастап кірді. Берлинге шабуыл жасауға жерлестеріміз Есжанов, И.Я.Сянов, Х.Қайдаусов, З. Тұрарбеков, Х. Көбеков, Т. Бигелдинов, А.Еремеев, Н.Шелихов және т.б. көптеген адамдар қатысты. Жас офицер Р.Қанқарбаев өзінің досы Г.Булатов пен бірге рейстаг терезелерінің біріне алғашқыларының бірі болып алқызыл Жеңіс туын желбіретті, ал Орал өңірінің жас офицерлері Қ.Меденов пен Р.Қараманов Берлин ратушасының төбесіне тікті.
Қазақстандықтар партизандық қозғылысқа белсене қатысты. Толық емес мәліметтерге қарағанда Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында 1500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ жігіттері соғысқан. Белоруссияның әр түрлі аудандарында әрекет еткен 65 партизандық бригадалар мен шоғырларда 1500-ден аса қазақстандықтар болған. Партизан қозғалысына қатысқан даңқты қазақ жігіттері: Ғ.Ахмедьяров, Ғ.Омаров, В.Шарудов, Қ.Қайсенов, Ә.Шәріпов, Ә.Жангелдин, Ж.Саин, Н.Көшекпаев т.б. есімдері бүгінде зор құрметке ие болды.
-1945 жылы 2 мамырда Берлин қаласы алынды.
-1945 жылғы 8 мамыр-фашистік Германияның тізе бүккендігі туралы шартқа қол қойылды.
-1945 жылғы 9 мамыр-Қызыл Армия жеңіске жетіп, Ұлы Отан соғыс аяқталды.
1945 жылғы 9 тамыз — одақтастық міндеттемелерге сәйкес КСРО соғыстың соңғы ошағы Жапонияға қарсы соғыс басталды. Қиыр шығыста Жапониянға қарсы соғысқа аттанған әскери бөлімдер арасында қазақстандық құрамалары да болды. Тынық мұхит флоты әскери-әуе күштерінің 12-шабылдаушы авиация дивизиясының звено командирі,көкшетаулық Михаил Янко 1945 жылғы тамыздың 10-ында Гастэллоның ерлігін қайталады.
Жапонияға қарсы шайқастарға Ақтөбеде құрылған 74-жеке теңіз атқыштар бригадасының негізінде ұйымдастырылған 292-атқыштар дивизияның жауынгерлері Кеңес Қарулы Күштері дәстүрінің даңқын шығарды. Забайкалье сонан соң 1-Қиыр Шығыс майдандары әскерлерінің құрамында қазақстандық 129-миномет полкі шайқас жүргізді. Қазақстан минометшілері батылдық және ерлік көрсеткені үшін 2027-жауынгерлік ордендер мен медальдарға, соның ішінде 14 адам «Кореяны азат еткені үшін», 234 адам «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарына ие болды.
Қызыл Армияның Қиыр Шығыстағы соғысы 24 күнге созылды.
1945 жылғы 2 қыркүйекте Жапония жеңілгендігі туралы шартқа қол қойды. Сөйтіп, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды.
Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар:
1.Барлығы —11600 адам;
2.Қазақстандықтар —497,оныңішіндеқазақтар —97;
3.Қазақ қыздары — 2.
Екі мәртебе Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар: Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский.
Үш мәртебе Кеңес Одағының Батыры атағын алған: И.Н.Кожедуб- Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесінің түлегі.
Солдат ерлігі орденінің толық иегері — 142 қазақстандық. Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар — 96638.
Жалпы екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс Кеңес Одағына қымбатқа түсті. Елдің 27 млн астам адамдары соғыста қаза болды. Оның 603 мыңы (400 мың) қазақстандықтар.
Міне, осылай Кеңес халқы мен оның Қарулы күштері бұдан 69 жылдан астам бұрын адам баласының қас жауы фашизмді осылай талқандады. КСРО-ның Ұлы Отан соғысында өз елінің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалды, Европа халықтарын фашизмнің қанды шеңгелінен құтқарып, жеңімпаз халық атанды.
Өткен азапты жолдың ауыр сабақтарын халық ешқашан да ұмытпайды. Оның ауыр сабақтары біздің санамызға ұялап, қазіргі ұрпақтарды ерлікке, қырағылыққа баулып, жарқын болашағымызды қорғауға әрдайым дайын тұруға шақырады. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы тұсындағы талай ақын-жыршылар шығармашылығына арқау болды. Мұның ішінде ел мен жерде жүріп, жеңіске тілектес болған қаламгерлер да, аласапыран майданда қан кешіп жүріп Отанын, халқын жырлаған ақындар айтарлықтай болды. Мен енді эссемді қорытындылай келе, Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» атты өлең жолдарымен тәмамдағым келеді:
Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?


Қазақстадықтардың майдандағы ерліктері
1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия әскері Кеңес Одағына тұтқиылдан, соғыс жарияламастан басып кірді. Кеңес халқының Ұлы Отан соғысы, яғни Отанын шетел басқыншыларынан азат ету соғысы басталды. Кеңестік әскери күш бейбіт уақыт жоспарына сай орналасқандықтан соғыс қимылдары басталған территорияға тартылуы барысында, жау соғыстың алғашқы бес айында мемлекеттің 5% халқы тұратын аудандарын жаулап алды. Германия КСРО-ға қарсы барлық қарулы күшінін 70% - 5,5 млн адамнан тұратын 190 дивизия, 4300 танк, 5 мың ұшақ шоғырландырды. Батыс шекаралық округтердегі Қызыл Әскер күштерімен салыстырғанда Германия әскери күші адам ресурсінен екі есе, танктен үш есе, ұшақтан 3 есе, артиллериядан – 1,3 есе басым болды. Осыған қарамастан шекарашылар, олардың қатарында Брест қорғаушылары алғашқы ұрыстың өзінде теңдесі жоқ ерлік көрсетті. Брест шекаралық отряды жауынгерлердің құрамында жаудын алғашқы соққысына А.Мүсірепов, В.Лобанов, К.Абдрахманов, К.Иманқұлов, А.Наганов, Ғ.Жұматов, Ш.Шолтыров, Т.Деревянко, Қ.Батталов және басқа қазақстандық жауынгерлер қарсылық көрсетіп, айрықша ерлікпен көзге түсті.
Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жасақталып, майданға аттандырылды. Қазақстан территориясында жасақталған әскери құрылымдар соғыстың алғашқы күндерінен бастап жаумен ерлікпен шайқасты. Әсіресе, Москва түбіндегі шайқаста қазақстандықтар үлкен құрметке ие болды. Москва бағытындағы негізгі жолдардың бірі – Волоколамск тас жолын қорғауда Алматыда жабдықталған 316-атқыштар дивизиясы генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен теңдесі жоқ ерлік танытты. Қысқа уақыт ішінде дивизия жауынгерлері жаудың танк, моторлы және екі жаяу әскер дивизияларын талқандады. Москва түбіндегі шайқаста әсіресе саяси жетекші В.Г. Клочков басқарған бөлімше – 28 панфиловшылар жаудың 50 танкісіне тойтарыс беріп, асқан ерлік көрсетті. 1941 ж. 17 қарашада дивизияға 8-ші гвардиялық деген атақ беріліп, кейінірек Қызыл Ту, Ленин ордендерімен, ал Риганы жаудан азат еткені үшін екінші дәрежелі Суворов орденімен марапатталды. Бұл шайқаста ерлік танықтан 28 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Сонымен бірге Волоколамск түбінде үлкен ерлік көрсетіп қаза тапқан талантты қолбасшы, қаһарман командир И.В.Панфиловке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Панфиловшы аға лейтенант Б.Момышұлы Москва түбіндегі шайқаста өз батальонымен жау қоршауын үш рет бұзып шықты. Соғысты Б.Момышұлы полковник лауазымымен, 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болып жүріп аяқтады. Белгілі орыс жазушысы А.Бектің “Волоколамское шоссе” повесі Б.Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігіне арналды. Сөйтсе де, Б.Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігі өз дәрежесінде мойындалмай, тек 1990 жылы еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тікелей араласуымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
И.В.Панфилов дивизиясы құрамында жаумен шайқасқан М.Ғабдуллин 1943 ж. Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. М.Ғабдуллин бастаған жауынгерлер Бородино селосын жаудан тартып алып, 7 сағат бойында ерлікпен қорғады. Шайқас нәтижесінде немістер шегінуге мәжбүр болды. Москва түбіндегі шайқастарда Т.Тоқтаров, Р.Жанғозин, Р.Елебаев және т.б. қазақстандықтар асқан ерлік танытты. Бұл шайқасқа қазақстандық 238-ші дивизия, 19-шы атқыштар бригадасы да қатысты.


“Барбаросса” жоспары жүзеге аспағаннан кейін 1942 жылы Германия Кеңестер Одағын басып алу мақсатында жаңа жоспар қабылдады. Бұл жоспар бойынша фашистер негізгі күшін Сталинград пен Кавказды басып алуға бағыттады. Сталинград пен Кавказды басып алу операциясына фашистер құпия дайындалып, оған “Блау” деген ат қойды. Фашистер бұл жерлерді жаулап алуға үлкен мән берді. Өйткені фашистерге басып алған мемлекеттер территорияларынан мұнай тасу қолайсыз болғандықтан, Кавказ мұнайына үлкен үміт артты. Тағы бір себеп – фашистер Кеңестер Одағының Қара теңіздегі порттарын басып алып, одақтастары – Англия, АҚШ-пен байланысын үзуді көздеді. Сонымен қатар Сталинград қорғаныс өнеркәсіптері көп шоғырланған шикізат көзіне бай орталық болды. Сондықтан фашистер бұл бағыттағы соғыс қимылдарының сәтті аяқталуына үлкен мән берді.
Жау 1942 жылдың шілде айында Сталинград бағытына 42 дивизия, тамызда – 69, ал қыркүйекте – 81 дивизия аттандырды. Күш тең болмады. Өйткені кеңестік қолбасшылар жау шабуылын Москва бағытында күтіп, негізгі әскери күшті осы бағытқа шоғырландырды. Өйткені ”Блау” бойынша, Кеңес барлаушыларын жалған жолға түсіріп, шабуыл Москва бағытында қайта жанданады деген ақпарат таратылған еді. Сталинград бағытындағы шайқастарға төмендегідей қазақстандық әскери құрылымдар қатысты: 292-ші атқыштар дивизиясы ретінде қайта құрылған 74-ші Аралдық атқыштар бригадасы, 387-ші атқыштар дивизиясы, 27-ші атқыштар кейінгі 72 гвардиялық дивизия, 75-ші атқыштар кейінгі 3-ші гвардиялық атқыштар бригадасы. 3-ші атқыштар бригадасы Сталинград түбідегі шайқаста 5 мың фашисті жойып, 3 мың фашист офицері мен жауынгерлерін тұтқынға алды. Сонымен бірге, бұл шайқасқа 81-ші атты әскер дивизиясы, 152-ші атқыштар бригадасы, 129-ші миномет полкі мен 196-ші жеке көпір құрылысы батальоны қатысты.
1942 жылдың 19 желтоқсанында Боковская-Пономаревка ауданында болған әуе шайқасында қарағандылық ұшқыш Н.Әбдіров өзінің оқ тиіп өртенген ұшағын жау танктері шоғырланған жерге бағыттап, экипажымен бірге ерлікпен қаза тапты. Н.Әбдіров, минометші К.Сыпатаев пен Р.Рамазанов Сталинградты қорғаудағы ерліктері үшін Ұлы Отан соғысы батыры атағына ие болды. Сталинградта қаланы жаудан қорғауда ерлік танытқан қазақстандықтар құрметіне “Казахстанская” аталған көше бар. Бірнеше айға созылған Сталинград шайқасы 1943 жылдын басында жаудың жеңілуімен аяқталды. Сталинград шайқасы барысында Кеңес Армиясы екінші дүниежүзілік соғыстағы түбегейлі бетбұрысқа шешуші үлес қосты.
1943 жылы фашистер Кеңестер Одағын басып алу мақсатында жаңа операция жоспарлады. Бұл операцияға “Цитадель” деген ат беріп, жан-жақты дайындалды. Осы жылы Германияның әлсірегенін сезген бұрынғы одақтастары бастапқы міндеттерінен бас тартып, дүниежүзілік соғыстан шығу жолдарын іздеу үстінде болды. Сондықтан Германия бұл операцияның сәтті аяқталуына бар күшін салып, одақтастарын сақтап қалуға тырысты. “Цитадель” операциясына фашистер 900000 әскер қатыстыруды жоспарлады. Шайқасқа іріктелген фашистік дивизиялар: “Рейх”, “Ұлы Германия”, “Фикинг”, “Адольф Гитлер” және т.б., барлық танктердің 70%, барлық ұшақтардың 65% тартылды. 5-ші шілдеде басталған Курск шайқасы шілденің аяғында кеңестер әскерінің жеңісімен аяқталды. Курск иіні мен Днепр шайқастарына көптеген қазақтандық әскери құрылымдар қатысты. Тек Курск иініндегі шайқастағы ерлігі үшін 123 қазақстандық Ұлы Отан соғысы Батыры атағына ие болды.
1944 жылы Германияның жеңілетіні белгілі болғаннан кейін, ендігі жерде соғыс қимылдарын Кеңес Одағы бақылауға алды. Осы жылы Кеңес үкіметі “Берлин” операциясын бастайды. Бұл операцияның мақсаты – неміс фашистерін Кеңестер Одағы територриясынан қуып, Еуропа мемлекеттерін жаудан азат ету болды.
“Достық көмек” идеологиясын жамылған Кеңестер Одағы болашақта азат еткен мемлекеттер саясатына араласуды, тіпті кейбір мемлекеттерді өз бақылауында ұстауды көздеді. Өйткені басты жауы – Германияны жеңгеннен кейін, Кеңестер Одағы әлемдік билікке талпынып, социалистік мемлекеттер жүйесін құруды жоспарлады.
Шығыс Еропаны жаудан азат етуде қазақстандықтар үлкен ерлік көрсетті. Шығыс Пруссия территориясын азат етуде көрсеткен ерліктері үшін 20 қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олар – В.А.Андреев, Л.И.Беда, П.Т.Брилин, Т.К.Абилов, В.Г.Козенков, И.И.Корнев, И.В.Кутурга және т.б.
Словакия территориясын жаудан азат етуге 4-ші Украина майданы құрамында қазақстандық 8-ші атқыштар дивизиясы қатысты. Майданда көрсеткен ерліктері үшін 8-ші атқыштар дивизиясының құрамындағы 62-ші артиллериялық Карпат полкі Қызыл Ту орденімен, 151-ші Карпат полкі 3-ші дәрежелі Кутузов орденімен, 310-шы атқыштар полкі 3-ші дәрежелі Суворов орденімен марапатталды.
72-ші және 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиялары Венгрия, Оңтүстік Чехия, Австрия территорияларын жаудан азат етуге қатысты. Австрия астанасын жаудан азат етуде алматылық Пупков М.А. Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Сонымен қатар Австрияны азат етуші 105-ші гвардиялық дивизия жауынгерлері: А.Мудрагель, Г.Сливных, Ж.Аминов қаһармандықтарымен көзге түсті.
Прага операциясына 118, 88, 314, 8-ші атқыштар, 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы қатысып, бұл операцияда 992-ші алматылық авиация полкі асқан ерлік көрсетті. Бұл полк екінші дәрежелі Б.Хмельницкий және 3-ші дәрежелі Суворов ордендерімен үш мәрте марапатталды. 992-ші полк 7642 рет жауға шабуыл жасап, 816 бомба тастап, 3 ұшақты, 19 зенитті батареяны, 1000 автомашина, 2 көпірді және т.б. жойды. Прага операциясы барысында 52-ші армия құрамындағы алматылық 556-ші эскадрилия ерлікпен көзге түсті. Бұл эскадрилия тұтқиылдан 4050 шабуыл жасап, 2350 мәрте жау территориясын бомбалаған. Құрамындағы 14 адамның 10-ы үкімет тарапынан марапатталады.
Чехословакия жерін азат етуге келген қазақстандық ұшқыштар 2, 8, 5-ші әуе армиясының бөлімдерінде жаумен шайқасты. Шайқастардағы ерлігі үшін С.А.Батеньков пен П.Ф.Железняков соғыстан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болады. Ұшқыштар: Т.Я.Бигелдинов, И.Павлов, С.Д.Луганский және Л.И.Беда 2 мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Олардың қатарын 56 жыл кешігіп барып, 1941 жылдың 26-шы маусымында, соғыстың бесінші күні-ақ аты аңызға айналған батырлық капитан Гастелло экипажының ерлігі емес, капитан А. Масловтың экипажынікі екендігі айқындалып, осы экипаж құрамындағы Б. Бейсекбаев 1998 жылы Ресей Батыры атағын алып, толықтырылды.
Берлин операциясына қазақстандық 118-ші, 313-ші атқыштар дивизиялары және 209-ші атқыштар полкі қатысты. Берлин ратушасын алуда 118-ші атқыштар дивизиясының взвод лейтенанты К.Маденов, ал көше шайқастарында И.Б.Мадин, Рейхстагка ту тігуде Р.Қошқарбаев ерлік танытты. Айтпенбет Нақыпов Одерден Петерсфельд қаласына дейін танкпен келеді. Соғыстан кейін Нақыповтың танкі қала алаңына ескерткіш ретінде қойылды. Берлин операциясында 27 қазақстандық ерліктерімен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.
Қазақ қыздары да соғыс ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей көтерді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап соғысқа сұранып, әскери комиссариаттарға хат жазған қазақ қыздары өте көп болды. Мысалы, Қарағандының әскери комиссариатына соғысқа сұранып өтініш жазған арулар саны 10 мыңнан асқан. Семей қаласы бойынша соғыстың алғашқы күндерінде 3 мың өтініш түскен. Ал, Алматы қаласының тек Фрунзе ауданы бойынша 112 өтініш түсті. Майданға аттанған әйелдер мен қыздардың көбі медсанбаттар мен госпитальдарда борышын өтеген. Қазақ арулары түрлі әскери құрамаларда болып, ерен ерлік үлгісін көрсетті. Қолдарына қару алып, майданға аттанған қазақ жұлдыздары - Әлия мен Мәншүк Қазақстан даңқын әлемге паш етті. Авиация саласын меңгерген қазақ қызы – Х.Доспанова Кеңес Одағының батыры М.Раскова басқарған әйелдер авиациясының құрамында авиация штурманы болып 300-ден астам мәрте әуеге көтерілді. 2004-ші жылы Президенттің жарлығымен Х.Д.Доспановаға Халық Қаһарманы атағы берілді. Сафарбекова Жауһария Насырқызы Ленинград майданында қалалық радиостанция бастығы болып, Ленинград майданында аса ерлігімен көзге түскен. 1942 жылы Қазақстанда құрылған 34-жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта арулары Курск иініндегі шайқасқа қатысып, бірнеше марапаттарға ие болды.
Қазақстандықтар жау тылындағы партизан қозғалысына да белсене қатысты. 1941 жылы КСРО ОАК мен БКП(б) ОК-нің 1941 жылдың 29 маусымындағы дерективасында жау басып алған территорияларда жау армияларының бөлімшелерімен күресу үшін партизан отрядтарын құру көзделді. Осы жылдың 18 шілдесінде БКП(б) ОК “Германия әскерінің тылында күрес ұйымдастыру” туралы қаулы қабылдап, партизан қозғалысын ұйымдастырды. 1941 жылдың жазынан бастап жау тылында жабдықтала бастаған партизан ұйымдары құрамындағы жауынгерлер саны 1943 жылдың соңында 1 миллионға жетті. 1942 жылдың мамырында Қызыл Армия мен партизан қозғалысының ұштасуын қадағалайтын Орталық, кейінірек республикалық және облыстық партизан қозғалысы штабтары құрылды.
Енді партизан қозғалысы қатарында жаумен шайқасқан қазақстандықтар құрамына тоқталайық. Украина территориясындағы партизан бірлестіктерінде 1500 қазақстандық жаумен шайқасты. Атап айтсақ, М.И.Шукаевтың партизан отряды құрамында 79 қазақ, Ұлы Отан соғысының Батыры С.А.Ковпактың партизан отрядында 70 қазақстандық болды. Ленинград облысы территориясындағы партизан бірліктері құрамында 220, ал Белоруссия территориясында 1,5 мыңға тарта қазақстандықтар жаумен шайқасты. Қазақстандық партизандар жаумен шайқаста үлкен ерлік танытты. Мысалы, 1941 жылы Киев облысы, Македон селосында жасырын партизан орталығы құрылады. Бұл орталыққа соғысқа дейінгі жылдары Павлодар облысында оқытушы қызметін атқарған Қасым Қайсенов коммунистік жолдамамен жіберіледі. 1942 жылы Қ.Қайсенов Чапаев атындағы партизан отрядтарының командирі сайланып, Украина территориясында жаумен шайқаста үлкен ерліктер көрсетті. Қ.Қайсеновпен қатар Украина территориясында Қарағанды облысынан Д.И.Сагаев, Талдықорған облысынан П.С.Шленский, Қызылордадан – Байдаулетов, Шымкент облысынан – Ж.Омаров, алматылық – А.С.Егоров және т.б. қазақстандықтар әртүрлі партизан құрылымдары қатарында шайқасты. Отанын қорғаудағы асқан ерлігі үшін Қ.Қайсеновке “Халық Қаһарманы” атағы берілді.
Белоруссия территориясын жаудан азат етуге де қазақстандық партизандар үлкен үлес қосты. Тек 1941 жылы Брест облысындағы Старосельск орманында 9 қазақстандық партизан жаумен шайқасты. Белоруссия территориясында ерлікпен шайқасқан отандас партизандар: Ф.Озмитель, Ғ.Омаров, Н.Қайсеитова, Н.Салықов, Х.Исмағұлов, Н.Сыдыкова, М.Стрельников, И.А.Булаев, И.Данияров, И.А.Ерещенко, К.Темирханов, Е.Балабеков, Т.Жұмабаева және т.б. Смоленск облысында құрылған партизан бірлестіктерінің құрамы 45 ұлт өкілінен тұрды. Соның ішінде 2-Кляжнянск партизан бригадасында 19, С.Лазо атындағы партизан полкінде 40, ерекше партизан бірлестігі “Тринадцать” құрамында 48 қазақстандық болды. Смоленск облысында қазақстандық партизандар А.Шарипов, Ж.Агадилов, И.Өтебаев, М.Мұқанов, А.Төлегенов, Қ.Ахметов және т.б ерлікпен көзге түсті.
Жаумен шайқаста көрсеткен ерліктері үшін қазақстандық партизандар әр түрлі мемлекеттік марапаттарды иеленді. А.С.Егоров пен Ф.Ф. Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Соғыстың кейінгі жылдары орталық партизан штабының шешімімен тәжірибелі партизандарды шетел мемлекеттері территориясына аттандырды. Оларға партизан отрядтарын ұйымдастыру тапсырылды. Осы мақсатпен Қ.Қайсенов Румыния мен Чехословакияны, ал А.С.Егоров Словакияны, С.О.Төлешов, Н.Супронов, Сарсенгалиев, А.Г.Акимин – Польшаны жаудан азат етуге ат салысты. Жүздеген қазақстандық соғыс тұтқындары Франция, Италия, Бельгия, Югославия, Греция және т.б. Еуропа мемлекеттері халықтарының азаттық күресіне белсенді қатысты. Соңғы мәліметтерге сай, тек Франция, Бельгия, Италия территорияларындағы партизан құрылымдары қатарында 180 қазақстандық болған.
Соғыстың алдында Розенберг идеясы бойынша, Қазақстан, Орта Азия, Солтүстік Иран, Ауғанстан территорияларын біріктіріп ислам пан-түріктік “Гросс Туркестан” немесе “Пантуркестан” мемлекетін құру көзделеді. Бірақта “Гросс Туркестан” идеясы жүзеге аспады. Оның орнына рейх 26 жаяу батальон, 111 рота және жүк тасушылар колоннасынан түратын Түркістан легионын құруды жоспарлады. 1942 жылы құрылған Түркістан легионы құрамында неміс әдебиеттерінде 1 миллион, тарихшы Раух 650 000 адам, ал қазақстандық мамандар 180 000 - 250 000 адам болған деген мәлімет береді. Түркістан легионын қолдаушы қазақ зиялысы – М.Шоқай Түркістан легионы құрамындағы әскери құрылымдарды қажет деп таппаған. М.Шоқай фашистер лагерінде зардап шеккен жандарды қайтадан майданға жіберу адамгершілікке жатпайды, керісінше, оларды Германия зауыт-фабрикаларына жіберіп, болашақ Түркістан мемлекетіне маман-кадрларды даярлау идеясын ұсынады. Өкінішке орай, М.Шоқай 1941 жылы 27 желтоқсанда қайтыс болып, бұл идеясы жүзеге аспайды. Фашистер Түркістан легионы құрамындағы бір батальонды 1942 жылы алғаш рет Воронеж майданы маңында қызыл Армияға қарсы соғысқа қатыстырады. 193 легионер соғыспай Қызыл Армия жағына шығып кетеді, ал батальон басшысы Бақыт Байжановты фашистер тұтқындайды. Өйткені легион құрамына әскери тұтқындардың басым бөлігі фашистік концлагерлерден шығу мақсатымен ғана кірген. Олардың көбі жергілікті партизандармен байланысып, фашистерге қарсы партизан қозғалысы құрамында соғысады. Майданға түскен жағдайда Қызыл Армия жағына өткен. Өкінішке орай, бұл жағдай ескерілмеген. Отанында олар “РКФСР Қылмыстық істер кодексінің” 58-1 б, 58-3, 58-9, 59-10, 58-11 баптарымен жазаланып “сатқын” деген лақапқа ие болып, үрім-бұтақтарына дейін қудаланды. Француз тарихшысы Клод Дельпла түркістандықтар партизандық қозғалыстарға көптеп тартылып, үлкен ерліктер танытты дейді. Ал, неміс тарихшысы Патрик фон Мюллер олардың қиын тағдырын аяп, свастика мен қызыл жұлдыз арасында қалғандар деген сипат береді.
Қорыта келе, Ұлы Отан соғысына тартылған қазақстандықтар санына тоқталайық. Соғыстың алдында Қазақстанда 6,2 млн. адам тұрды. Соғыс жылдары қолына қару алып, майданға 1,9 млн. адам аттанды. Сталиндік тәртіп 1916 жылғы патша үкіметінің тәжірибесін пайдаланып, арнайы құрылыс батальондарын да құрды. Бұл батальондар Орта Азия және Қазақстанның жергілікті халқынан және құғын-сүргінге түскен халықтардан жасақталды. Қазақстаннан әскери комиссариат арқылы еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді. Олар соғыс шебіне жақын аудандарда оқ астында қорғаныс объектілерінде еңбек етті. Осылайша әрбір төртінші қазақстандық қорғаныс және майдан объктілеріне тартылған. Республиканың мобилизациялық деңгейі тіпті Германиядан да жоғары болды, Германия халқының 12% мобилизацияланса, Қазақстанда халықтың 24% мобилизацияланған. Мобилизацияланған халықтың 50-60% қазақ ұлтынан еді. Қорғаныс, көмір, ауыр өнеркәсіп жұмысшылары соғысқа тартылудан босатылса, Қазақстан тұрғындары түгелімен дерлік армияға шақырылды. Өйткені Қазақстанда шаруалар басым болды.
Ұлы Отан соғысы майдандарында қаза болған қазақстандықтар санына байланысты түрлі пікірлер бар. Кейінгі жылдардағы мәліметтерде соғыстан оралмаған қазақстандықтардың саны 601 000-ға дейін жетіп отыр, оның 350 мыңнан астамы қазақтар. Бұл қолға қару алып, ұрыс даласында қаза тапқардардың саны. Егер осы тұстағы халықтың жалпы саны мен соғыста қаза тапқан өкілдердің санына шағатын болсақ, қазақтардың шығыны көршілес өзбек, татар, азербайжан, грузиндерден анағұрлым жоғары. Бұл пайыздық шығын жағынан қазақ халқы өз жерінде соғыс қимылдары болған орыстармен, украиндермен, белорустермен деңгейлеседі.
Кеңестер Одағының құрамдас бөлігі ретінде жаумен шайқаста қазақстандықтар үлкен ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты. Майдандағы ерлігі үшін 520 қазақстандықтың, оның ішінде 100-ден астам қазақтың Кеңес Одағының Батыры атағын алуы – ортақ Отанын қорғауда қазақ ұлтының суырылып алға шыққанын көрсетеді.


























Пікір жоқ
237 қаралды
Авторы: 83mektep
Қосылды: 01.02.2022 в 09:22

Президент жолдауы

Адалдық алаңы

Жарменова Гульмира Сергазиевна

     СЕНІМ ТЕЛЕФОНДАРЫ

    АСТАНА қ. БІЛІМ БЕРУ ПОРТАЛЫ

Choose Colour